Елорда әкімі Әсет Исекешев алдағы күндері температураның төмендеуіне байланысты қала тұрғындарын қауіпсіздік шараларына назар аударуға шақырды.
«Қазгидрометтің мәліметтеріне сәйкес, келесі аптада, яғни 22 қаңтардан бастап, әсіресе 23-26 қаңтар аралығында ауа-райы күрт суытып, ауа температурасы -35 - 40 градусқа дейін төмендеуі мүмкін. Осыған байланысты барлық қалалық қызметтерге, әсіресе үздіксіз жылу энергиясымен қамтамасыз ететін энергетиктерге аязды күндерге дайын болу үшін тапсырма бердім», - деп жазды қала әкімі Фейсбуктегі парақшасында.
Сонымен қатар барлық мектептермен және балабақшалармен тиісті шараларды жүргізу бойынша Білім басқармасына тиісті тапсырма берілді. Бұдан бөлек, қажет болған жағдайда көмек көрсету үшін әрі жедел әрекет ету тұрғысында Денсаулық басқармасына мен Ішкі істер департаментіне де тапсырма жүктелді.
«Қалалық қызметтермен барлық тиісті шаралар қабылданатын болады.Қала тұрғындарына, құрылыс, сауда, көлік және басқа да ұйымдарға осы ақпаратты назарға алып, адамдардың денсаулықтары мен өмірлерін, қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық қадамдарды қарастыруды сұраймын», - деді Әсет Исекешев